23 там, 2022 сағат 09:41

ШҚО-да өгей әкесі 13 жастағы қызын бес жыл бойы зорлап келген


Шығыс Қазақстан облысында ер азамат әйелін үнемі ұрып, қорқытып, ал өгей қызын 5 жыл бойы зорлап келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Қыздың анасы кезекті соққыдан ауруханаға жатқаннан кейін шындық ашылған. 

"Бес жыл бойы күйеуім маған үнемі қол көтеріп, зорлық-зомбылық көрсетіп келді. Салдарынан талай мәрте ауруханаға да түстім. 2022 жылдың 9 қаңтарында ол мені есімнен танғанша ұрып-соқты. Қызым мені өлді деп ойлап, анама телефон шалды. Анам артынша бірден келіп, балаларды өзімен, ал мені жедел-жәрдем шақыртып ауруханаға жіберді", - дейді келіншек.

Дәл сол күні 13 жастағы оқушы қызы әжесі мен туыс әпкесіне өгей әкесінен 8 жасынан бастап қорлық көргенін айтқан. Нақтырақ айтқанда, ер-азамат 5 жыл бойы кішкентай қызға сексуалдық қысым көрсетіп келген екен.

"Болған жайтты егер де әлдекімге айтатын болсаң, анаң мен сені өлтіремін деп қорқытқан. Сол үшін қызым ешкімге айтпаған", - дейді келіншек.

Анасының айтуынша, қызы тіпті өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Шындықты білген отбасы полицияға арызданған. Дегенмен, күдікті әлі бостандықта жүр.

"Ол өзін күдікті санамайды. Бізге қарап күледі. Дәлелдей алмайтынымызды, таныстары арқылы жазадан құтылатынын айтады", - деп ашуланады зардап шеккен қыздың анасы.

Сараптама зорлық-зомбылық болғанын дәлелдеуі керек екенін айтады отбасының адвокаты Айман Умарова. 

Полицейлер тергеу жүріп жатқанын, әзірге өгей әкені ұстауға негіз жоқ екенін айтқан.

"Істің мән-жайын тексерудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін, оның ішінде дәлелдемелерді біріктіруді процестік шешімдерді қабылдауды қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ШҚО ІІД.