25 қар, 2020 сағат 21:00

ШҚО-да есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді

Шығыс Қазақстан облысында есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ҚР Ұлттық ұланы 5518 әскери бөлімімен бірлесіп Өскемен қаласында жасырын жерлер арқылы психотропты заттарды саудалаумен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі. 

Қылмыстық топтың құрамында 19-дан 26 жасқа дейінгі 6 ер адам болған. Тексеру барысында күдіктілердің синтетикалық есірткі салынған түйіншектерді тығып қойған жерлері анықталды.

«Тәртіп сақшылары полиэтилен қапшықтардан синтетикалық психотроптық заттың 3500 дозасын тапты. Осылайша, заңсыз айналымнан 1 келіден астам есірткі тәркіленген. Оның «қара нарықтағы» құны шамамен 35 миллион теңгеден асады», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев. 

Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.