02 нау, 2022 сағат 23:45

ШҚО-да браконьер Қызыл кітапқа енген сібір елігін атып алған


Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында сібір елігін атқан браконьер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жарма ауданының полицейлері «Омбы-Майқапшағай» тасжолының бойында заңсыз аңға шыққан ер адамды ұстады. 55 жастағы Семей қаласының тұрғыны сібір елігін атып алған. 

Күдіктінің танысына тиесілі «Volkswagen» автокөлігі, 16х2 калибрлі «ИЖ-58» мылтығы, 7.62 мм калибрлі «Вепрь-Супер» мылтығы, 7.62 мм калибрлі 2 гильза, пышақ және еліктің өлексесі тәркіленді. Мемлекетке келтірілген залал 765 000 теңгеден асады.

Қазіргі уақытта ер адам полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы 3-бөлігіне (Заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Браконьер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстанда сібір елігі Қызыл кітапқа енгізілген.