17 там, 2021 сағат 23:41

ШҚО-да бірнеше рет жылқы ұрлаған қария сотталды


Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында бірнеше рет жылқы ұрлаған 60-тан асқан қария сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ер адам көбінесе қараусыз жайылған малды ұрлаумен айналысқан. Қылмысын жүзеге асырған соң малды «ГАЗель» көлігіне тиеп, көрші аудандарға апарып сатып отырған. 

Күдікті екі ай бойы Шемонаиха ауданының Зевакино және Межовка ауылдарында мал ұрлығымен айналысқан. Бүгінде оның ауыл тұрғындарының 3 жылқысын ұрлап кеткені анықталды. Шығын көлемі 1 млн теңгеден асып отыр. 

«Шемонаиха аудандық сотының үкімімен 62 жастағы айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар ол жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылған», - дейді Өскемен қалалық пробация қызметінің бастығы Мақсат Манарбеков.