Шығыс Қазақстан облысында қаржы пирамидасын құру күдігімен 3 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күдіктілер WhatsApp мессенджері арқылы топтар құрып, тұрғындарға алғашқы жарнаға ақша құю арқылы мол табысқа кенелуге болатындығын айтып, алдаған.
«Олар «100 мың теңге салсаңыз, ақшаңызды екі айдың ішінде 200 мың теңге қылып қайтарамыз» деп уәде берген. Қазіргі уақытта бұған сеніп, шығынға батқан 113 жәбірленуші анықталып отыр. Қаржы пирамидасының жүйесі бойынша алғашқы болып кіргендер ғана пайыздық үстеме алған. Кейінгілердің салған қаражаты мүлде қайтарылмады», - делінген хабарламада.
Осы ретте, департамент мамандары азаматтарға қаржы пирамидаларының қызметін жүзеге асырғаны және жарнамалағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 217 бабына сәйкес осындай заңбұзушылық жасағандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер сізге қаржы пирамидасының қызметіне қатысты қандай да бір ақпарат белгілі болса, департаменттің 8 (7232)-29-56-51 сенім телефонына хабарласуыңды сұраймыз», - делінген ведомство ақпаратында.