15 мам, 2022 сағат 19:35

"Шейх Халифа еліміздің бастамаларына әрдайым қолдау көрсетті" - Руслан Желдібай


Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай шейх Халифаның Қазақстанды қалай қолдағанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиге арнайы ұшып барып, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бин Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Бұл - Қазақстанның шынайы досы болған шейх Халифаға деген Мемлекет басшысының құрметі. Өйткені, ол аймақтық және халықаралық қоғамдастықтағы еліміздің бастамалары мен ірі жобаларына әрдайым жан-жақты қолдау көрсетті.

Мәселен, Шейх Халифа Зайд Әл Нахаян Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп құрылысына 13 миллион доллар, Шымкенттегі перинатальді орталыққа 25,5 миллион доллар, сондай-ақ "Қарағанды-Нұр-Сұлтан" автожолын қайта жөндеуге 22 миллион доллар грант бөлді", - деп жазды Руслан Желдібай Facebook парақшасында. 

Сондай-ақ, ол коронавирус пандемиясының қиын-қыстау кезінде Әмірліктер Қазақстанға бірінші болып көмек қолын созғанын, атап айтқанда, 100 тонна медициналық бұйым мен қорғаныш заттары, арнаулы киімдер және басқа да құрал-жабдықтар жібергенін еске алды.

"Шейх Халифаның қолдауымен Қазақстан мен Әмірліктер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамыды.

2005-2021 жылдар ішінде Әмірліктерден Қазақстанға тартылған жалпы тікелей инвестиция 2,6 миллиард долларды құрады.

Бүгінде Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 276 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, елордада құны 1,6 миллиард долларды құрайтын көпфункционалды "Абу Даби Плаза" кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл - аса ірі екіжақты инвестициялық жоба.

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, қазақстандықтар шейх Халифаны парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды", - деді Президент баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктеріне басқа да әлем лидерлері келіп көңіл айтып жатыр. Мәселен, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, Франция президенті Эммануэль Макрон, АҚШ вице-президенті Камала Харрис және т.б. лауазымды тұлғалар.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан көшелерінің біріне таяуда қайтыс болған, БАӘ-нің бұрынғы президенті шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның есімі берілетіні хабарланған