07 сәу, 2023 сағат 18:55

Депутат Қарақат Әбденді мандатынан айыруға петиция жарияланды

коллаж: ИА «NewTimes.kz»

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Президенттікке үміткер болған кезінде шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарға салық салуды енгізу бастамасын көтерген еді. Жақында ол Мәжіліс депутаты ретінде бұл бастамасына қатысты тағы пікір білдірді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Мәжілістің пленарлық отырысында журналистер тарапынан бірнеше сұрақ қойылды. Олардың арасында шетелдіктермен некелесуге салық енгізу жөнінде сұрақ та болды.

Жалпы бұл сұрақ өте күрделі әрі бұдан бұрын біраз талқыға түскен. Мәселенің төркінін түсініп, қолдау білдірген жандармен қатар қарама-қайшы пікір айтқандар да бар. Осы орайда халық үніне құлақ асатын мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, біз әр азаматтың, әр әлеуметтік топтың пікірін назарға алуымыз керек.

Сайлау науқаны кезінде бұл бастама ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, патриотизмді нығайтуға бағытталған шара ретінде ұсынылды. Депутаттық қызметім барысында да бастамаларым жалғасын таппақ. Бірақ жан-жақты қарастырылмаған ұсыныстар мәжіліс төрінде менің тарапымнан көтерілмейді. Депутат көтеретін кез келген бастама ғылыми сараптамаға және әлеуметтік зерттеулерге сүйену керек», - деді ол.

Депутат атағандай, әуел бастан бұл бастама еліміздегі демографиялық жағдайға байланысты туындаған еді.

«Азаматтарымыздың шетелге кетуі - онсыз да халық санының көптігімен мақтана алмайтын еліміз үшін қауіпті үрдіс. Ал ұлттық құндылықтардың сақтаушысы болып табылатын әйелдердің үлесі тіпті маңызды. Демографиялық ахуалмен қатар бұның ұлт болашағына да тигізер зардабы біршама.

Десе де, елімізде өзге де өзекті, түйіткілді сұрақтар аз емес. Менің саяси бағытым Мемлекет басшысы Парламенттің бірінші сессиясында айтқан мәселелер төңірегінде көрініс табады. Салық мәселесіне келер болсақ, Президент бұл туралы «Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет» деді. Бұдан бөлек, жалпы орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясатына баса көңіл бөлініп, бұл сала мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек деп айтылды», - дейді ол.

Қарақат Әбденнің айтуынша, бір қуантарлығы, қоғам өзінің азаматтық позициясын білдіріп, еліміздегі түрлі бастамаларға үн қоса бастаған.

«Бұл белсенділік билік пен халықтың арасындағы ашық диалогтың құрылуына, соған сәйкес еліміздің дамуына игі ықпал етеді деп ойлаймын. Демек, алдағы уақытта шетелдіктермен некелесуге салық енгізу жөнінде мәселе мен үшін өзекті емес», - деп жазды депутат.

Осы орайда, қоғам белсендісі, «Немолчи.кз» бірлестігінің құрылтайшысы Дина Таңсәрі депутаттың пікірін сынап, оны мандатынан айыру бойынша петиция жариялады.

«Қарақат Әбден ұсынылған «Ауыл» партиясының депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты сот шешімі шықса да, бүкіл партия оны қорғап шықты. Біз қандай елде тұрып жатырмыз? Біз неге мұндай өрескел оқиғаларға шыдауымыз керек? Мысалы, Қарақат Әбден бір апта бұрын Конституцияны бұзбаймын деп ант берді. Бірақ Конституцияны бұзды. Қыздарды шетелдіктерге сатып, салық енгіземін деді. Бұл - жеңгетайлық. Ол бұрынғы салық салушы. Мәжіліске жаңа салық түрлерін ойлап табу үшін келіп отыр. Бізге мұндай депутаттар не үшін қажет?», - деді ол.

Дина Таңсәрі Қарақат Әбден мен Жигули Дайрабаевтың мандаттарын алып қоюды ұсынды.

«Ауыл» партиясын жауып тастау керек.  Олар балалары алаяқ болған Жигулиді қолдады. Біз неге мұндайға шыдауымыз керек? Біз, ел азаматтары ретінде меншікке айналдық. Депутаттар мен Үкімет бізге не істеу керегін шешпеу керек. 2023 жылы депутаттардың мандатын қайтару бойынша заң бар. Сондықтан «Жаңа Қазақстанда» тұрып жатырмыз ба? Олардың мандатын алып қойып, Парламенттен қуу керек», - дейді қоғам белсендісі.

Сондай-ақ Таңсәрі олардың бірде-бірі Өскеменде болған жағдайды айтпағанын сөз етті.

«Бізде күнде балалар зорланып жатыр. Күнде ата-аналардан хат аламын. Мен қазір Грузияда тұрып жатырмын. Мұнда күнде бала зорланса, ел болып шу көтеретін еді. Үкіметтен қуатын еді. Ал бұл депутаттар не істеп отыр? Қандай салық ойлап тауып отыр. Осыған дейін ол қыздарды үй шаруасына үйреткен еді. Кім үшін оларды дайындады? Парламентке бару үшін бе? Мен қазір Жигули Дайрабаевтың мандатын алу бойынша тағы бір петицияны жариялаймын. Бізге мұндай депутаттар қажет емес», - деді ол.

Оның айтуынша, депутаттың жобалары осыған дейін де қоғамда қызу пікірталас тудырған.

«Әбденнің жобалары әрқашан патриоттық атауларға ие және бұқаралық ақпарат құралдарында резонанс тудыратыны назар аудартады. 2014 жылы ол елордалық мәслихаттың депутаты қызметін атқарды. Сол кезде «Қазақ қызы» әйелдер институты құрылды. 2019 жылы Әбден өзінің «Сен-қазақсың. Мақтан» атты кітабын шығарды. Сондай-ақ 2014-2019 жылдар аралығында институттың таза табысы 197 млн теңгені құрады», - дейді Дина Таңсәрі.

Электронды үкіметте Қазақстан мен шетел азаматтарының некелесуі туралы тәртіп бар.

«Біздің елде Қазақстан және басқа елдің азаматтары арасында неке жиі қиылады. Азаматтардың Қазақстан Республикасының шекарасынан кіріп шығуы қолжетімді болып, қазақстандықтардың шетелдіктермен жұмыс барысында және жеке басы мәселелерімен оңай байланысады, осының салдарынан халықтың көші-қоны көбейіп кетті. Осының бәрі біздің азаматтардың шетелдіктермен некелесуінің көбейуіне әкеліп соқты. Бірінші кезекте жастарда осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы аумағында айтылған некелерді қиюға рұқсат берілген ба және өтінішті беру үшін не керек, қандай талаптарды орындаулары қажет деген сұрақтар туындайды. «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңның 14 бабына сәйкес шетелдіктер Қазақстан Республикасы азаматтарымен ҚР аумағында некеге отыра және некені бұза алады. Сонымен қатар ҚР заңнамасына және халықаралық келісім шарттарға сәйкес шетелдіктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен қатар некелік және жанұялық қарым-қатынаста құқықты және міндеттерін атқарады», - делінген Электронды үкімет хабарламасында.

Қазақстанның заңнамасы неке қиюшылардың әр қайсысына неке қиюдың шартын, түрін және тәртібін бекітеді. Азаматтар неке қию үшін қазақстандық заңнамада бекітілген неке қиюға еркіндік, неке жасы, туыстықтың болмауы, іс-әрекетке қабілеттілігі және т.б. сияқты шектеулерді бұзбаулары керек.

Қазақстандық азамат және шетелдік арасында некені тіркеу АХАЖ әділет органдарында жалпы ережелерге сай, немесе некеге отырғысы келген шетелдік тұлғаның елінде консулдық мекемесінде, дипломатиялық өкілдікте жасалады.

Автор: Аягөз Құрмаш