Елордада Ш.Шаяхметов «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ақпараттық технология терминдерінің бүгіні: ұлт тілі және заман сабақтастығы» атты онлайн семинар өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Семинардың мақсаты – жаһандану жағдайында қазақтың ғылыми тілін дамыту үшін ақпараттық технология терминдерінің ұлттық үлгісін жасау, жетілдіру, жүйелеу мәселелерін талқылау және шет тілді терминдерді игерудегі сәтті тәжірибемен бөлісу. Жиында сөз сөйлеген Алматы энергетика және байланыс университетінің доценті Ақтоты Шайқұлова өз баяндамасында Үкімет жанындағы республикалық комиссия бекіткен терминдердің кең қолданыс тауып жатқаны да, бекітілген қалпында еш қолданысқа енбей қалғаны да бар екенін атап өтті. Қолданыс таппаудың себебін доцент бекітілген терминдерді насихаттап, түсіндіру жұмысының өз деңгейінде болмауынан, қазақ тілінің үндесім заңына бағынбаған не қазақ сөз табиғатына бейімделмеген жасанды терминдердің орын алуынан екенін баяндады.
«2012-2014 жылдары Педагогикалық ғылымдар академиясында қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктердің 30 томдық топтамасы дайындалып, басылды. 1999-2000 жылдары шыққан сөздіктердің әрқайсысында шамаман 5 мың термин болса, бұл сөздіктерде 10-12 мың термин бар. Бұл сөздіктерді жасауға 450-ге тарта сала ғалымы мен маманы атсалысты. Жалпы республикалық терминологиялық комиссияның бекітуге ұсынатын терминдерінің кемшілігі де жоқ емес. Кей терминге жай халықтың тілі келмейді. Әркімнің қолында арнайы сөздік болмаған соң іздемейді. Толық түсіндіру жұмысы жүргізілмейді. Қазақы тәрбие алып, көшпенді ғұмырды көрген қазақтар үшін не үндестік заңына бағынбаған, не қазақ сөз табиғатына бейімделмеген сөзді дұрыс айту қиын. «Халықаралық термин» деген атпен қолданысқа енгізілген атау сөздердің жазылуы мен айтылуы орыс тілінің табиғатына бейімделіп, қазақ тіліне өзгеріссіз әкелініп жатыр. Бекітілген сөз халықтың танымына сіңіскенге дейін ерсі сезіледі», - дейді Ақтоты Шайқұлова.
Оның айтуынша бір ғана «кнопка» сөзіне байланысты да біржақты түсінік қалыптастыру керек. Сол секілді «база данных» – деректер базасы деп аударылған. Неге «Деректер қоры» болмасқа?! Операциялық жүйелер – операциялық жүйелер болып бекітілген. Бірақ қолданыста «операциондық жүйе» деген тіркестердің жиі кездесетінін байқауға болады. Терминком бекіткен «операциялық жүйе» сөзі дұрыс. Доцент осындай бірнеше мысал келтірді.
Ал Батыс Қазақстан инновациялық университетінің доценті А.Абдулманов ұлттық тіл негізінде компьютер терминдерінің үлес салмағының төмен деңгейде болуының бір себебі қазақ тіліндегі ұтымды жасалған терминдердің (мысалы, тінтуір (мышка), сақтағыш (флешка), бума (папка), пернетақта (клавиатура)) өзін күнделікті тілімізде жиі қолданылмайтындығынан дейді. Оның айтуынша, ақпараттық технология саласының терминологиялық өрісі орыс тілі мен қоса ағылшын тілімен етене байланысып жатқандықтан, салалық терминологияны дамытудың жаңа, өзгеше тәсілдерін ойластыру қажеттігін атап өтті.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Ғ.Шойбекова ақпараттық технология терминдерін тілімізге енгізерде, тілтанушы ғалымдар мен сала мамандарының пікірімен санасып, тұрақтап қалатын терминдер қалыптастыруға басымдық беру керектігіне тоқталды.
Аталмыш іс-шараны www.termincom.kz сайтының YouTube каналынан көруге болады.