06 мау, 2020 сағат 17:15

Шерубай Құрманбайұлы: Сөздік жасаушы ғалымдар терминологиялық сөздерге қойылатын талаптарды білуі керек

Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі терминолог Шерубай Құрманбайұлы қазақ тілі тарихындағы терминология ғылымының өткені мен бүгіні, ерекшелігі туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Терминологиялық сөздіктеріміздің шығуының өзіндік тарихы бар. Жалпы, ғылым дамыған кезеңдерден бастап термин жасау - оны көпшілікке таныстыру, сол терминдер арқылы ғылыми ұғымдарды біріздендіру мақсатын көздейді. Қазақ тілінің салалық терминдерінің жасалуы негізінен ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталды десек те, ол кезде нақты терминологияға қатысты оқулықтар жарық көре қойған жоқ. Терминологиялық кітаптардың жарық көруі – ХХ ғасырдың бас кезіне сәйкес келеді. Алғаш Алаш зиялылары терминологиялық сөздіктерді шығарып, таратып, енгізе бастады», - дейді Шерубай Құрманбайұлы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өткізген «Терминологиялық сөздіктер жасаудың отандық және халықаралық тәжірибесі» тақырыбындағы онлайн баспасөз мәслихатында. 

Профессордың айтуынша ХХ ғасырдан бастап қазіргі күнге дейін шыққан қазақ тіліндегі терминологиялық сөздіктер үлкен талқылаудан өтіп келеді. 

«Отызыншы жылдардан бастап қазақ терминологиясының даму бағыты кеңестік жолға түсті. Мәскеуде ұлт тілдерінің терминологиясының бағыт-бағдары белгіленіп отырды. Яғни шет тілдерінен, әсіресе орыс тілінен енген сөздерді өзгертпеу, оларды сол қалпында қабылдау бағыты белгіленді. Осы отызыншы жылдардан бастап енгізілген терминологиялық сөздіктерді алып қарайтын болсақ, сондағы алынған терминдердің бәрі – кеңес халықтарына ортақ терминдер. Олар ұлт тілдеріне мүмкіндігінше бұрмаланбады. Осындай сөздіктер арқылы совет билігі терминологиялық сөздіктерге талап қойды. Бұл принцип тоқсаныншы жылдарға дейін жалғасты», - дейді ол. 

Шерубай Құрманбайұлы 1962 жылы ғылым академиясының базасында терминологиялық сөздіктің үлкен сөздігі жарық көргенін айтады. 

«Тоқсаныншы жылдардың басында сөздік жасаудың мәселесіне өте көп мән берілді. Жекелеген авторлар барлық университетте, ғылыми-зерттеу орталықтарында авторлық сөздіктерін шығара бастады. Себебі қазақ тіліне мемлекеттік мәртебенің берілуіне байланысты ғылым мен білім саласына түрлі мамандарды даярлап, сол салаларға қатысты оқулықтарды әзірлеу керек болды. Осы өзгерістер ұлттық салалық терминдерді жасауға итермеледі. Көптеген автор қазірге дейін өз саласы бойынша түрлі терминологиялық сөздік жасады», - дейді ол. 

Ғалым осы кезде терминологиямызда жүздеген, мыңдаған термин еніп кеткенін айтып өтті. 

«Мәселен «қаржыгер» деген термин бізде тоқсаныншы жылдарға дейін болған емес. Қазір еніп кетті. Демеуші, жасуша, құжаттама секілді сөздер енді. Осындай жүздеген терминнің енуі – тәуелсіздігіміздің 30 жылдығындағы жетістігі деуге болады. Біздің айтайық деп отырғанымыз – жалпы терминология лексикографиядан бөлініп шыққан жеке сала. Біздің сөздік жасаушы ғалымдар терминографиялық еңбектерді, мақалаларды, зерттеулерді көбірек оқып, терминологиялық сөздерге қандай талаптарға қойылатынын, терминологиялық сөздіктің қандай типтері бар деген ерекшеліктерді біліп, терминологиялық сөздіктерді жасауға кісіріп жатса – жасалған сөздіктердің жұртшылыққа пайдасы зор болар еді», - деп түйді профессор. 

Ғалым кез келген терминологиялық кітаптың мақсаты мен міндеті айқын болуы керектігін ескертеді.