02 мау, 2021 сағат 15:01

Шарындағы жағдайға мұғалімдер мен мектептің ешқандай қатысы жоқ - ата-аналар


Алматыдағы №199 гимназия оқушыларының ата-аналары Шарын шатқалындағы апатқа мұғалімдер мен мектептің ешқандай қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін аталған мектеп ғимаратында қалалық полиция бүкіл ата-аналардан жауап ала бастады. Арасында баласы экскурсияға бармағандар да бар. Олар Шарынға саяхат туралы айтып берді. 

«Бізді жауап алуға шақырды. Бірақ бізден не үшін жауап алып жатыр, соны түсіне алмай тұрмын. Менің балам Шарын шатқалына барған жоқ», - деп таңғалады ата-аналардың бірі. 

Жиналған ата-аналар мектеп пен мұғалімдерге ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. 

«Мектептің бұған еш қатысы жоқ. Бұл экскурсияны ата-аналардың өздері ұйымдастырды. Біз балаларымыз сабақтан кейін аздап демалсын деген едік. Өйткені олар онлайн оқып, көптен бері көріспеген болатын. Бірақ мен баламды жібермедім, себебі ол жаққа туыстарымызбен бірге барған едік», - дейді мектеп оқушысының анасы Айнұр Тәшімова. 

Оның айтуынша, Шарын шатқалына экскурсия ұйымдастыру идеясы ата-аналардан шықты. 

«Шарын шатқалына 5-сынып оқушылары барды. Мұнда мұғалімдердің еш қатысы жоқ, керісінше, өздері балаларды құтқарам деп ауруханаға түсті. Ата-аналар мұғалімдерге Шарынға бірге баруды ұсынды, олар келісімін берді. Біздің оларға ешқандай шағымымыз жоқ, біз өзіміз ұйымдастырып, мұғалімдерді шақырдық», - дейді ол.

Бесінші сынып оқушыларының ата-аналары 25 мамырда демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне өздері жауапты екенін айтып, қолхат берген.

«Біз мұғалімдерді жауапқа тарта ма деп қорқамыз. Мектеп зардап шекпеуі керек. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалмаса екен. Мұғалімдер балаларымызға өз баласындай қарайды. Бұл оқиға олардың біздің балаларымызға бейжай қарамайтынын тағы бір дәлелдеді. Балалар өз мұғалімдерін қатты құрметтейді. Сондықтан кейбір ата-аналар балаларын еш қиындықсыз мұғалімдерге сеніп жіберді», - дейді ата-ана.

Еске салайық, 29 мамыр күні Алматының №199 мектебінің 5-сыныбында оқитын 8 оқушы, 5 ата-ана және 3 мұғалім Шарын шатқалына саяхатқа шыққан.

Шатқалда кенет сел жүріп, 2 адам мерт болды, бір адам із-түзсіз жоғалып, тағы алтауы зардап шекті.

Кейіннен ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүріп жатқанын мәлім етті.

Мерт болған ұстаз - 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл.