30 мам, 2021 сағат 17:02

Шарын шатқалында селге ағып кеткен қыз жансақтау бөлімінде жатыр


Шарын шатқалында зардап жеккен баланың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«29 мамыр күні Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына Шарын шатқалында зардап шеккен 6 адам жеткізілді. Олардың екеуі — 2009 және 2010 жылы туған балалар. Қазіргі уақытта 2009 жылы туған бала Алматы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылды. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы ауыр, тұрақты. Диагнозы - жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы. Денесінің бірнеше бөлігі жарақаттанған. 

2010 жылы туған науқас Ұйғыр аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды. Диагноз: Жабық бас сүйек-ми жарақаты. Мидың шайқалуы. Аяқтары жарақаттанған», - деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің ресми өкілі Ләйлім Әубәкірова. 

Ведомство өкілінің ақпаратына сәйкес, зардап шеккендердің барлығының миы шайқалған. 

«1976 жылы туған науқас хирургиялық бөлімге жатқызылды. Диагноз: мидың шайқалуы. Денесі жарақаттанған. 

1991 жылы туған науқасты туыстарының талабы бойынша одан әрі тексеріп, емдету үшін Алматы қаласына алып кетті. Диагноз: ЖЖБИ. Мидың шайқалуы. 

1970 және 1971 жылы туған екі адам амбулаториялық емделуге жіберілді», - деп толықтырды Л. Әубәкірова. 

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Әбілсейітұлы Ниязбеков арнайы Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына барып, зардап шеккендердің жағдайымен танысты және дәрігерлерге медициналық көмек көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Алматы аймақтық балалар ауруханасынан травматолог мен реаниматолог дәрігерлер барып, зардап шеккен оқушыларға білікті медициналық көмек көрсетті.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалғаны, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Ал бүгін еліміздің Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

Кейіннен селге ағып кеткен оқушы қыздың табылғанын хабарлаған болатынбыз.