31 мам, 2021 сағат 17:28

Шарын шатқалында сел жүретіндігі неліктен алдын ала ескертілмеді


Шарын шатқалында лай-сел көшкіні жүретіндігі туралы неліктен алдын ала ескерту жасалмады? Бұл сауалға ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шарын шатқалы және оның сай-саласы сел жүру қаупі бар аймақ екендігін түсінуге тиіспіз. Сол ауданда ТЖМ-ға қарасты «Қазселденқорғау» мекемесінің бөлімшесі жоқ. Осы күндердің ішінде Қазгидрометтен Алматы қаласы және Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменттеріне қандай да бір сел жүретіндігі туралы дауылды ескерту болған емес», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Оның атап өтуінше, нөсер жауынның салдарынан лайлы сел жүріп өткен. Сонымен қатар ол Шарын шатқалы аумағындағы ұялы байланыстың нашарлығына қатысты сауалға жауап берді. 

«Ұялы байланысқа қатысты айтар болсам, бізде таулы жерлерде байланыс бола бермейді. Мұны біз түсінуге тиіспіз. Туристердің міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес, туристік оператор жұмыс жасауы керек», - деді Бауыржан Сыздықов. 

Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болды. 6 адам зардап шекті. 

Бір оқушы қызды сел ағызып әкетіп, оны бірнеше сағаттан кейін құтқарушылар аман-есен тауып алды.