Қазақстан шахмат федерациясының биылғы бірінші жартыжылдықтағы кірісі - 192 млн теңге, ал шығысы 175 млн теңге болды. Бұл туралы федерацияның вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов журналистермен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спикердің сөзінше, 192 млн теңгенің 93 миллионы жекеменшік демеушілер есебінен жиналды. Ал 74 млн теңге мемлекеттен берілді. Бұл қаражат әйелдер арасындағы Гран-при кезеңіне бөлінген. 15 млн теңге – турнирлерге қатысқан шахматшылардың жарнасы. 8 млн астам теңге - басқа табыс көздерінен.
Шығындар 175 млн теңгені құрады. Бұл қаражат қызметкерлердің еңбекақы қорына, міндетті зейнетақы жарналарына және әлеуметтік медициналық сақтандыруға, әйелдер Гран-при кезеңін өткізуге, Қазақстанда турнирлерді ұйымдастыру мен өткізуге, МӘМС және ФИДЕ аударымдарына, іссапар шығындарына және тағы басқаға бағытталды.
Дәрмен Сәдуақасов демеушілік төлемдердің спортшыларды қолдауға бағытталғанын да айтты.
«Бұл жерде, өкінішке орай, біз теңгерімсіздікті көріп отырмыз. Демеушіліктен түскен 28 млн теңгенің 24 миллионы Бибісара Асаубаева мен оның жаттықтырушыларына бөлінді», - деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Оның айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында спортшылар мен жаттықтырушыларға 28,5 млн теңгеге жуық, ал 2021 жылға 23 млн теңге еңбекақы төленді.
«Өткен жылы демеушілік көмекті бөлу айтарлықтай теңгерімді болды, біздің таланттарымыздың өте көп бөлігі бұл қолдауды салыстырмалы түрде аз болса да алды. Көптеген жасөспірімдер үшін бұл маңызды қолдау, бірақ, 2022 жылдың бірінші жартысында біз теңгерімсіздікті байқадық. Көптеген таланттар қолдау таппады, сондықтан федерация алдағы жұмысында үш негізгі қағидатты ұстанатын болады. Бұл - теңгерімді қолдау принципі, меритократия принципі, ашықтық қағидасы», – деді Сәдуақасов.
Сонымен қатар, ол өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі шахматқа небәрі 30 млн теңге бөлгенін атап өтті.
«Бұл - барлық спортшыларға бір жылға бөлінген ақша. Әрине, жеткіліксіз қаржыландыру», - деді спикер.
Оның пайымынша, федерацияның барлық жоспарын жүзеге асыру үшін жылына шамамен 3 млн доллар қажет, бұл шамамен 1,5 млрд теңге.
«Егер біз шахматты қолдауға мүмкіндік беретін қаржыландырудың ең аз мүмкін деңгейлері туралы айтатын болсақ, онда бұл жылына 700-800 мың доллар болуы мүмкін», - деп жауап берді ол журналистердің сауалына.