25 мам, 2021 сағат 11:41

Серік Шәпкенов: 80 мың отбасын тұрақты табыспен қамтамасыз етеміз


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл соңына дейін Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру арқылы 35,6 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бизнесті дамыту шеңберінде өңірлерде бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен кредиттер және қарыз беру, жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылай емес қолдау көрсету есебінен шамамен 6 мың жұмыс орны құрылатын болады», - деді министр Серік Шәпкенов Үкімет отырысында. 

Ол, сондай-ақ, аталған жол картасы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа өндірістерді құру есебінен нарықты отандық өндіріс өнімдерімен толықтыруға, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін арттыруға ықпал етеді деген сенімін білдірді. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы биыл 35,6 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның 55%-дан астамы немесе 20,3 мыңы тұрақты болады. Отбасы мүшелерін ескерсек, шамамен 80 мың адам тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі», - деді ведомство басшысы.