ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вцие-министрі Серік Қожаниязов Мақтарал мен Жетісай аудандарындағы су тапшылығы туралы пікір білдірді, хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде вице-министрге Мақтарал мен Жетісай аудандарындағы шаруалардың судан қағылып отырғаны туралы сұрақ қойылды.
«Біріншіден, бұл жерде мәселе екі жақтан да бар. Вегетацияның кезінде жоспарлы түрде әр шаруашылық әкімдікпен бірлесе отырып, «Қазсушар» мекемесіне алдын ала сұраныстарын береді. Мақтарал мен Жетісай ауданын сұрап отырсыз ғой, бұл аудандар негізінен Өзбекстан аумағындағы «Достық» каналынан су алады. «Сырдария» су шаруашылығы бірлестігі» деген мекеме бар. Біз соларға шаруалардан алған сұраныс бойынша кесте жасап өткіземіз. Су сол жоспар бойынша бөлінеді», - деп түсіндірді министрлік өкілі.
Министрдің орынбасарының айтуынша, аталған ауданның тұрғындары арадағы келісімді үнемі сақтай бермейді.
«Керек кезінде Өзбекстан су бермейді деп отырсыз. Қараша, желтоқсан айларында осы екі ауданның шаруашылықтары суарма арықтарды шайып шығуы керек. Өзбекстанда шаруалар бәрін жасады. Өкінішке қарай, біздің шаруалар қараша айына алдына берген тапсырыстарын орындаған жоқ. Ондай мәселе болып тұрады. Қысылған кезде бір-бірімізді кінәлап жатамыз. Бірақ, кесте өздерінің сұранысы бойынша алдын ала жасақталғандықтан, соны орындау қажет. Әйтпесе жүйелілік болмайды», - дейді Серік Қожаниязов.
Оның мәліметі бойынша, Мақтарал мен Жетісай ауданы «Достықтың» бойынан 136 мың гектардай алқапқа су алады.
«Достық» каналының бойында күріш егуге мүлде болмайды. Былтыр қуаңшылық болғанына қарамастан, біздің шаруалар 3800-дей гектарға күріш егіп қойған. Биыл жағдай былтырғыдан да қиын болуы мүмкін. Қазір былтырғы қателікті қайталамау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Су шаруашылық мекемелер, әкімдіктер шаруаларға осыны түсіндіруі керек. Былтыр шамамен 48 шаруашылық нысаны күріш еккен. Соларға айтуымыз керек. Биыл тағы қайталаса, қасындағы көршілеріне зиян келтіреді. Сол себепті осыны арнайы айтып отырмын», - деді вице-министр.
Министрлік өкілі мұның бәрін қазақстандық шаруаларды кінәлау үшін айтып отырмағанын түсіндірді.
«Біріншіден, былтырғы қуаңшылық кезінде Тоқтағұл су қоймасында көктем кезінде 8,7 млрд текше метр су болған. Қазір былтырғыға қарағанда 1,7 млрд текше метр су кем болып отыр. Яғни, жағдай былтырғыдан да күрделуі болуы мүмкін», - деді маман.
Вице-министр алдағы ақпан, наурыз, сәуір айларында жауын-шашын көбеймесе жағдай былтырғыдан да күрделі болатынын айтып отыр.
«Сырдариядан шыққан судың 40 пайызы шрауаларға жеткенше ысырап болады. 200 мың гектардай алқапта су жолын реттеп жатырмыз. Ол да судың тартылуы кезінде қиындық туғызады. Өйткені су қажет уақытта негізгі каналдар жөнделіп жатқандықтан, уақытша каналдармен жібереміз. Сол проблемамен қоса біздің шаруалар да жағдайды біршама қиындатады. Өздерінің келісім бойынша жасалған кесте бойынша екпейді, суды да келісім бойынша алмайды. Арада үйлесімдік болмағандықтан, осындай жағдайлар туындайды», - деді маман деді ведомство өкілі.
Айтуынша, көрші елдерді қойып, Түркістан мен Қызылорда облыстарының арасында суды әділ бөлу бойынша проблемалар бар көрінеді.
«Ақпан айының басында болжам шыққаннан кейін шаруалармен кездесеміз. Түркістан облысы мен Қызылорда облыстарының өз арасында қиындықтар бар. Әуелі екі өңірдің шаруаларымен жеке-жеке, кейін бірлескен кездесулер өткіземіз. Сол кезде де осы мәселе пысықталады», - деді Серік Қожаниязов.