08 шіл, 2022 сағат 13:30

Серік Ахметов өзіне қатысты істі «қолдан ұйымдастырғандарды» жазалауды сұрады


Қазақстан Үкіметінің бұрынғы басшысы Серік Ахметов мемлекеттік органдарға хат жолдап, өзін барлық айып бойынша толық ақтауды, бұл іс бойынша айыптыларды жазалауды сұраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналист Михаил Козачковтың дерегінше, Ахметов өзін қызметтен тайдыру операциясы Антикордың бұрынғы қызметкері, Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің жетекшілігімен әзірленген деп есептейді. 

Еске сала кетейік, еліміздің бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған болатын. Кейін жазасы жеңілдеп, бас бостандығынан айрылу мерзімі 10 жылдан 8 жылға қысқарды.

2017 жылдың қаңтарында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша Ахметовтің өтелмеген мерзімінің төрттен бірі азайтылды. Кейін жазасын өтеудің нақты мерзімі бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, колониядан босатылды. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде ол жазасын өтеп болды. Сол уақыттан бастап оған тағылған барлық шектеулер алынып тасталды.