02 қар, 2023 сағат 13:57

Сенатор: Шахтадағы апатқа кінәлілер жеңіл жазамен құтылмауы керек

Фото ашық дереккөзден алынды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Ершов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің өнеркәсіп қауіпсіздігіндегі жүйелі мәселелер туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Kazinform.

Сенатордың айтуынша, «Арселор Миттал» кәсіпорнындағы апаттар жүйелі түрде қайталанып келеді. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – ескірген жабдықты пайдалану.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмыс істеген жылдары көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыру бойынша жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбеген, бұл - осындай қайғылы оқиғалардың басты себебі. Өткен ғасырда шығарылған құрал-жабдықтар әлі де қолданылып жатыр. Тозған жабдық жұмысшылардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіретіні анық. Қазір көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындардың иелері жабдықты ауыстыруға ақша үнемдеп, өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізумен шектеледі. Бұл тұрғыда өндірістердің қауіпсіздігін бағалаудың объективтілігі үшін осы саладағы уәкілетті органға қауіпті өндірістік нысандарды жаңарту мен техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын келісу, сондай-ақ кәсіпорындардың оны уақтылы орындау жөніндегі міндетін бекіту функциясын беру орынды деп санаймыз», - деді Сергей Ершов.

Депутат өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы тиісті қадағалауды өндірістік бақылау қызметінің мамандары атқаратынын атап өтті. Бұл қызметкерлер анықтаған кемшіліктер ерекше назарға алынбайды. Себебі олар жеке өндірістік бақылау қызметінің маманы, яғни осы кәсіпорынның басқа қызметтерінде жұмыс істейді.

«Қазіргі кезде қоғамда аталған трагедияға кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе әділ көтеріліп отыр. Қаупі жоғары салаларға қатысты мемлекет жағынан қатаң бақылау қажет. Осындай қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар жазаның жеңіл түрімен құтылып кетпеуі керек. Қылмыстық заңнама нормалары өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралының біріне айналуы тиіс», - деді сенатор.