21 сәу, 2022 сағат 11:21

Сенат түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастыққа қатысты құжатты қабылдады


Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру. Қазіргі таңда академияға мүшелікке Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдері еніп отыр. 

«Академияның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқанына байланысты келісімнің мақсаты - елімізге жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі академиясының мәртебесін, оның артықшылықтары мен иммунитеттерін айқындау», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.


Оның айтуынша, академияда 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде екеуі шетел азаматы. 

«Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуі тиіс болады. Шетел қызметкерлері үшін бұл олардың ел аумағында болуына негіз болып саналады. 

«Академия ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, кітаптар мен журналдар шығарумен айналысады, түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде, түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде бүгінгі күні үлкен белсенділік танытып келеді. Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдермен ынтымақтастықты нығайтудың және Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін арттырудың маңыздылығын назарға ала отырып, аталған заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын», - деді Асхат Аймағамбетов. 

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар құжатты қабылдау туралы шешім қабылдады.