Жолдаудың түп негізі – мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті тұғырлы ету. Бұл туралы бүгін еліміздің қоғам өкілдерімен кездескен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сонымен қатар, Жолдауда азаматтардың ел ісіне араласуын күшейтетін бастамалар айтылды. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Конституцияның осы нормасын саяси практикада жүзеге асыратын уақыт келді. Кез келген демократиялық қоғамда халықтың талап-тілегі – биліктің негізгі басымдығы. Әрбір азамат билік өкілдеріне өтініштерін жеткізе алатынына, оларға құлақ асатынына сенімді болуға тиіс. Президентіміз Жолдауда осындай іргелі қағидалардың нығаюын қамтамасыз ететін шешуші бастамаларды қолға алып отыр. Басқа да көптеген ұсыныстар кеше жарияланды», - деді Сенат Төрағасы.
Осы ретте Мәулен Әшімбаев Парламентті үлкен әрі жауапты жұмыстар күтіп тұрғандығын баса айтты.
«Жолдаудың аясында Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына өзгеріс енгіземіз. Тағы 20-дан астам заң қабылданады. Бірақ, Жолдауды іске асыру тек билік тармақтарының міндеті ғана емес. Бұл – ортақ мүдде, көп болып жұмылатын іс. Елдік істе зиялы қауымның да алатын орны ерекше. Жолдаудың түп негізі – мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті тұғырлы ету. Қаңтар оқиғасы мемлекеттілік өздігінен қалыптаспайтынын, ол үшін әрдайым күресу қажет екенін айқын көрсетті. Аз ғана күннің ішінде елдігімізден айырылып қала жаздадық. Қай заманда да қазақтың зиялысы елдік пен егемендікті қорғауды өзінің қасиетті парызы санаған. Қазіргі кезеңде осы міндет еселеніп отыр десек, артық айтқандық емес. Зиялы қауымның мемлекеттілікті бекемдеуге үндейтін қайраткерлік күші осы тұста аса қажет», - деді ол.