Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Тоқаевқа қастандық жасамақшы болған күдіктінің желіде тараған фотосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік барлау қызметінің агенті ұсталғаны туралы хабар таратқан. Ол Президентке қастандық жасауды жоспарлаған.
Артынан әлеуметтік желіде күдіктінің фотосы тарады. Ер адамның мамандығы журналист және мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінде жұмыс істегені туралы мәлімет бар.
"Мен де Telegram-арналарда ондай ақпараттың шыққанын білемін. Бірақ шынын айтайын, Ұлттық қауіпсіздік қызметі ол ақпаратты бізге растаған жоқ. Оның кім екенін білмейміз. Ресми ақпаратты ешкім берген жоқ. Сондықтан егер ресми түрде осындай адам болды деп айтылса, сол кезде біз мемлекеттік қызметте болған, ол неге болды, қалай болды және тағы басқа сұраққа жауап береміз ", - деді Әшімбаев журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, күдіктінің кім екенін анықтау қажет. Сонда істің мән-жайы және себептері белгілі болады. Сенат төрағасы тергеудің нәтижесін күту керек дейді.
"Қазіргі жағдай ақпараттық тұрғыдан оңай емес. Әртүрлі ақпарат пен фейктер бар. Сондықтан әлеуметтік желілердегі ақпараттарға ұстамдылықпен қарау керек. Бірқатар ақпарат көздерін қарап, зерделеген жөн. Сіздердің сұрақтарыңызға тоқталсам, қастандық қадамдары туралы жауап бере алмаймын. Бұл мәселеге қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тергеу амалдары аяқталғаннан кейін, нақты ақпаратты бере алады", - деді Әшімбаев.