ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева бастаған жоғарғы палата депутаттары «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.
АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов сенаторларды орталықтың, оның органдары мен ұйымдарының қызметімен таныстырды, сондай-ақ әлемдік қаржы нарығының барлық өзекті үрдістері ескерілетін жаңартылған даму стратегиясы әзірленіп жатқаны туралы хабарлады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы «100 қадам» Ұлт жоспарының бес тармағына сәйкес құрылған болатын. Қазіргі уақытта бес тапсырманың бәрі орындалды немесе іске асудың қарқынды сатысында тұр.
Басқарушының айтуынша, АХҚО жұмысының мақсаты Қазақстан экономикасын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсету болып табылады. Ол үшін Орталыққа капиталдың жергілікті нарығын дамытуға және оны әлемдік нарықтармен ықпалдастыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімді келешекте Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға байланысты ауқымды міндеттерді орындау тапсырылды.
Сенаторлар АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының, АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA), Astana International Exchange (AIX) биржасының, Экспат орталығының және үздіксіз кәсіби даму бюросының өкілдерімен кездесті.
АХҚО сотының және Халықаралық төрелік орталығының тіркеушісі Кристофер Кэмпбелл-Холт Сенат депутаттарына 2019 жылы ақпанда іске қосылған және дауларды онлайн шешуге мүмкіндік беретін eJustice жүйесінің мүмкіндіктерін көрсетті. Ол сондай-ақ АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының білім беру бағдарламасы аясында жалпы ағылшын құқығы негіздеріне 500-ден астам қазақстандық оқығанын хабарлады.
AIX биржасы мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыруда тиімді алаңға айналды. 2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамының орналасуы нәтижелі болды деп танылды, 2019 жылы AIX-ке қосымша акциялар пакеті шығарылды. Қазіргі уақытта «Қазақтелеком», «Эйр Астана» және «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамдарының листингі пысықталуда.
Сенаторларға сондай-ақ АХҚО-ның негізгі даму бағыттары – ислам қаржысы, қаржы технологиялары, «жасыл» қаржы таныстырылды.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева АХҚО-да болудың нәтижесі бойынша халықаралық қаржы орталығының сыртқы және ішкі нарықтағы қызметі туралы кеңінен хабардар ету қажеттігін атап өтті. Дариға Назарбаева АХҚО қызметкерлерінің жұмысы табысты болуына тілектестігін жеткізе келіп: «Әлемдік қаржы мұхитындағы үлкен кеме болуларыңызды қалаймыз», - деді.