Семей қаласында құны 100 млн теңгеден асатын марихуана мен гашиш тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және криминалдық полиция бөлімдерінің қызметкерлері Жедел әрекет ету арнайы жасағымен бірлесіп ауқымды операция жүргізді.
Шара барысында 44 жастағы семейліктің каннабис тобына жататын есірткі заттарының аса ірі партиясын сатпақ болғаны анықталды. Тінту кезінде жедел уәкілдер 1,5 центнерден астам кептірілген марихуана мен 10 келі гашишті тәркіледі.
«Сондай-ақ оның гаражынан 153 келіден астам марихуана табылды. Күдікті есірткіні шаһар тұрғындарына сатпақ болған. Тәркіленген есірткі саны 32 мың бір реттік доза. Олардың «қара нарықтағы» бағасы 100 млн теңге асады», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.