12 там, 2021 сағат 13:27

Семейде екі адамды қағып өлтірген таксист әйел сотталды


Семей қаласында екі адамды қағып өлтірген таксист әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол көлік оқиғасы «Өскемен-Семей» тасжолында болған. 

«42 жастағы семейлік Toyota Camry көлігімен Өскеменге қарай жолаушы тасымалымен айналысқан. Жолаушылардың айтуынша, көлік тізгіндеген әйел әлеуметтік желіде отырып, ұялы телефонмен жиі сөйлесті. Жолға назар аудармаған ол жылдамдықты да бекітілген шектен асырып жіберген. Алдында келе жатқан автогрейдерді озып өтпек болғанда қарсы бағыттағы Lada көлігімен соқтығысты», - делінген хабарламада. 

Жол апаты салдарынан Lada көлігіндегі екі адам оқиға орнында көз жұмды. Ал Toyota Camry көлігінің төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алған. Сондай-ақ сотталушының жүргізуші куәлігі болмағандығы анықталды. 

Ұлан аудандық сотының үкімімен айыпталушы ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын қауіпсіздігі минималды түзету мекемесінде өтеуде.