10 қар, 2021 сағат 14:30

Семейде арзанға үй аламын деген әйел алаяққа 3,2 млн теңге берді


Семей қаласында алаяққа алданған әйел 3,2 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына 32 жастағы жергілікті тұрғын хабарласқан. Өз сөзінде ол бейтаныс әйелдің үйді нарықтық бағадан төменге сатып алуға көмектесе алатындығын айтып сендіргенін жеткізді. Бұған алданған жәбірленуші 3 200 000 теңге мөлшерінде шығынға батқан. 

«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 27 жастағы күдіктіні ұстады. Анықталғандай, ол дәл осыған ұқсас қылмыс бойынша сотталған болып шықты. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - делінген ақпаратта. 

Полицейлер ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қысмыстың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Hi-tech» шарасын 8-14 қараша аралығында өткізуде. Екі күннің қорытындысы бойынша бұрын жасалған 21 интернет-алаяқтық ашылды.