24 жел, 2024 сағат 16:37

Семей әкімінің отставкасы шыршадан құлаған мұғалімге қатысты емес – әкімдік

Фото: instagram.com/nurbol_nursagatov/Қуат Айтқали

Күні кеше Семей қаласында жаңа әкім сайланды. Әкімдік бұрынғы әкім Нұрбол Нұрсағатұлының қызметінен не себепті кеткенін және шырша безендіремін деп ауыр жарақат алған мұғалімнің оқиғасын түсіндірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Семейдің экс-әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың отставкаға кетуін көпшілік шыршадан құлаған мұғалімнің жағдайымен байланыстырып жатыр. Алайда әкімдік мұны жоққа шығарды.

“Шырша безендіріп, биіктен құлап, жарақат алған мұғалімнің әкімнің қызметінен кетуіне ешқандай қатысы жоқ. Нұрбол Нұрсағатов бұл жағдай болмай тұрып, бір апта бұрын өз еркімен қызметінен кететіні туралы арыз жазған еді”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство қасақана жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап зардап шеккен еді. Ол Nº49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев болып шықты. Қазір мұғалім жансақтау бөлімінде. Осы оқиғадан кейін Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.