Фото: ашық дереккөз
Белгілі сазгер, ақын Құрманай Бақтиярқызы өмірден өтті. Қаралы хабарды танымал блогер Лаура Сейітбек хабарлады.
Лаура Сейітбек Instagram-дағы парақшасында Құрманай Бақтяирқызының видеосын жариялап, оның қайтыс болғанын хабарлады.
"Әпке, Алла аңқылдаған ақ жүрегіңізді рақымына алсын", - деп жазды желі жұлдызы.
Продюсер Гүлзира Айдарбекова да Құрманай Бақтяирқызына жазба арнады.
"Жаным Құрмашым, әлі сенер емеспін, жақсы адамым! Жаның жәннатта болсын! Жақында ғана Құрмашым телефон соғып, дауысы саңқ ете қалды. "Гүлім менің, саған арнап жаздым, WhatsApp оқышы деп жіберіп еді. Қоштасқың келіп, айта-айта жүрсін дедің ба екен", - деп жазды продюсер Instagram-дағы парақшасында.
Қайрат Нұртастың анасы марқұм сазгерге арнап өлең жолдарын арнады.
Orda.kz жазуынша, ақын 1 жыл бұрын денсаулығы сыр берген. Оған күрделі операция жасалған.
«Қазақ елінің барына, менімен ауырған жанына, маған дұға арнап атқызған таңына шексіз алғыс айтамын. Бүгін парақшамды өз қолыма алдым. Палатаға шыққалы біраз болса да, қолыма күшім енді оралды. Әлсіздік болғанымен көңілім орнында. Бәріңізді жақсы көрем», - деп жазған Құрманай Бақтиярқызы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Кейін ақын 7 рет ота алғанын да хабарлады.
«Алланың Құдіретінің шексіздігіне айқын көз жеткізген сынақ болды. 99/1 пайыз соңғы үмітпен жетінші рет ота жасалды. Төрт күн өту керек. «Сол уақыттан өтсек бәрі артта қалады» деген дәрігердің сөзін естіген достар барлығына дайын тұрған ғой», - деп жазған еді.
Құрманай Бахтиярқызы - заманауи музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ақын әрі сазгер. Көптеген хит әндердің авторы, көркем сөз оқу шебері болды.
Құрманай Бахтиярқызы сөзін жазған белгілі әндер: Қайрат Нұртас «Алматы түні», «Бұрыңғыр елес», Асқар Жүнісбеков «Толғанай», Серік Ибрагимов «Жаяу», Әлішер Каримов «Сүйемін сені», Таба алмайсың», «Өкініш», «Шүкір», Ақбота Керімбекова «Үміт гүлі», «Бақыттымын», «Бұйырмас бағым», Ақылбек Жеменей «Миллион қыздар», Жанболат&Жазира «Сыр сандық» және т.б.