Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
Ол Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынғанына қатысты пікір білдірді.
"Қазіргі уақыттағы Конституцияның жаңа жобасы 33 бап бойынша (бұл Конституцияның үштен бірі) өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Бұл тұрғыда, әрине, елдің Ата заңын түрлендіру мен апгрейд жасау көпшіліктің қатысуын қажет етеді. Азаматтардың маңызды мемлекеттік мәселелер бойынша шешім қабылдауға қатысуының тиімді тәсілдерінің бірі референдум өткізу болып саналады. Бір айта кетерлігі, «Республикалық референдум туралы» заңға сәйкес референдум тағайындау туралы бастаманы Президент, Парламент, Үкімет немесе саны 200 мың адамнан кем емес Қазақстан азаматтары көтере алады", - деп атап өтті сарапшы.
Осылайша, Мемлекет басшысы алдағы конституциялық өзгерістерді қоғамдық талқылаудың маңыздылығын ескеріп, референдум өткізу жөнінде бастама жасау құқығын пайдаланды дейді.
"Конституциялық реформа мәселесі бойынша республикалық референдум өткізудің бірқатар оң тұстары бар. Біріншіден, бұл ішкі және халықаралық аудиторияның Жаңа Қазақстанда мемлекеттік өмірдің маңызды мәселелері бойынша шешімдер қоғамның кең ауқымды қатысуы мен қолдауы негізінде ғана қабылданатындығын көрсету. Екіншіден, халықты референдумда дауыс беру процесіне тарту оның азаматтық белсенділігі мен саяси қатысуын арттыруға ықпал ететін болады. Сонымен, алдағы конституциялық өзгерістер бойынша референдум өткізу Қазақстан азаматтарына мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша ерік білдіру құқығын пайдалануға мүмкіндік береді. Кең мағынада конституциялық түзетулер үшін тікелей дауыс беру – азаматтардың Жаңа Қазақстанның құрылысына тікелей қатысуына жағдай жасайды", - деді Слямжар Ахметжаров.