Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаментінің басшысы, профессор Сәуле Қасенова коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарды оңалту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзінше, егде адамдар вирус инфекциясын ауыр көтереді және осының салдарынан болатын жағымсыз болжам бар. Өкпенің созылмалы аурулары сияқты тыныс алу жолдарының аурулары бар пациенттер бірінші кезекте «тәуекел тобында» болады.
Осы орайда дәрігер стресті өз бетінше жеңіп шыға алмайтын жалғызбасты егде адамдарға, балаларға, жасөспірімдерге қолдау жасау керектігін атап өтті.
«Негативті стресс адам иммунитетіне кері әсер беретіндіктен үрейлі көңіл-күйден алшақ болыңыздар. Зиянды әдеттерден, әсіресе темекі шегу, жастар ішінде пайда болған электронды сигареттер мен кальян шегуден бас тартудың уақыты келді. Қауіпті уақыт та бітеді, өмір де өз қалпына келеді, ол үшін өзіңіздің және сізді қоршаған адамдардың денсаулығын сақтау қажет», - дейді ол.
Сауле Қасенованың сөзіне қарағанда, оңалту пациенттердің көбіне қажет және ол вирус инфекциясы деңгейінің ауырлығына байланысты. COVID-19 жеңіл түріне шалдыққан адам үшін (КТ мәліметтері бойынша өкпе 30 пайызға дейін зақымданған) қалпына келтіру 1 айдан 3 айға дейін және көп жағдайда дәрінің көмегінсіз өтуі мүмкін. Бұл ретте дәрігер пациенттің жағдайын (ентігу, тершеңдік, әлсіздік, жүрек соғысының жиіленуі) және талдаудың нәтижелерін бағалайды. Оңалту шараларына тыныс алу гимнастикасы, күн тәртібін сақтау, толыққанды ұйқы, саябақта серундеу секілді өз бетінше орындай алатын жаттығулар кіреді. Кей жағдайларда қосымша дәрі препараттары, мысалы, жүрек соғысын азайту, ентігуді төмендету және т.б. тағайындалады.
Аурудың орта дәрежесінде, яғни өкпе 30-дан 50 пайызға дейін зақымданған жағдайда, оңалту 6 айға дейін жалғасуы мүмкін.
КВИ-дің 3-ші деңгейімен ауырғанда өкпе 50-ден 75 пайызға дейін зақымданады. Бұл жағдайда өкпемен қатар жүрек, бауыр, бүйрек, ми да зақымданады. Сондықтан мұндай пациенттерді стационардан шыққаннан кейін пульмонолог, кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог, невропатолог және психотерапевт бақылауға алады. Оңалту шаралары барлық зақымданған ағзалардың қызметін қалпына келтіруді қоса отырып, кешенді өтеді.
«Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін иммундық қабыну мен қанның қоюлануын емдеу қажет. Қалпына келтіру үшін емхана дәрігері немесе бейінді маманның бақылауымен дәрі препараттары тағайындалады», - дейді ғалым.
Оңалту шараларының дер кезінде басталуы тыныс алу ағзаларының қызметі мен құрылымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан науқастар терең тыныс алу кезінде қиындықты сезінеді, сондықтан дәрігерлер тыныс алу гимнастикаларының ең қарапайым әдістерін жасауға кеңес береді. Бірден күрделі жаттығулар жасауға болмайды. Екінші нұсқасы – ішпен демалу. Тыныс алу жаттығуларын денсаулық жағдайына қарай күніне бірнеше рет жасауға болады.
Кез келген ауру ағза үшін стресс болады, сонымен бірге ол кезде толыққанды тамақтануға тәбет болмайды. Сауығу үшін адам ағзасына тағаммен келетін энергияны қалпына келтіру қажет. Коронавирус инфекциясы кезінде жоғалған тәбет, иіс әрі дәмді сезіну қалпына келеді. Ас мәзіріне сорпа, ақ және қызыл ет, жеміс, көкөністі жеткілікті мөлшерде пайдалану қажет. Жаңғақ, жасыл шөптерді пайдаланған пайдалы. Егер асқазан-ішек жолдарының асқынған аурулары болмаған жағдайда қымыз, шұбат секілді ұлттық сусындарды ішуді де естен шығармаған дұрыс.
Оның атап өтуінше, сырқат салдарынан өмір аздап өзгерді, алайда денсаулықты қалпына келтіруге болады. Ауыр сырқатқа шалдыққан адамдарда, әсіресе өкпенің жасанды желдетуі жасалғандарда нысаналы назар аудару, есте сақтау және дұрыс ойлау секілді функциялардың төмендеуі байқалады. Бұл проблема бірнеше апта немесе айда жоғалып кетеді, бірақ кей адамдарда ол ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ми қызметін қалпына келтіруге дене қимылының жаттығулары көмектесе алады. Олар жеңіл болуы мүмкін, бірақ онымен күнделікті айналысу керек. Миға арналған жұмбақтар шешу, кітап оқу, ақпаратты есте сақтау секілді жаттығулар жасау қажет. Атқарылатын істерді кезең-кезеңмен жоспарлау қажет. Туысқандар мен достардан көмек сұраудан ұялмау керек.