Коллаж: Ulysmedia.kz
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия өкілдері Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев және "ӨКМ операторы" ісіне қатысты кейбір мәліметті айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Комиссия ірі көлемде, оның ішінде шетелде ақшаны жылыстату белгілері бар ең резонанс істерді тергеу ерекше бақылауда екенін атап өтті.
"Қазіргі уақытта тергеу органдары қабылдаған шаралар бойынша 230 миллиард теңгеге жуық шығын өтелді, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан қайтарылды. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатқан іс бойынша сотталушылар 170 миллионнан аса долларды өз еркімен қайтарды. Люксембургтен "Қазақтелеком" АҚ, "Көлікке қызмет көрсету орталығы" АҚ және басқа компаниялар мүлкін жымқыру ісі бойынша тергеу органына 36 миллиард теңгеге жуық шығын өтелді", - деді комиссия өкілдері.