Фото: Инга Иманбайдың Facebook-тегі парақшасы
Сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша дәрігерлердің әрекеттеріне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы құқық қорғаушы Инга Иманбай хабарлады, ол Ербаян Мұхтардың отбасының мүддесін қорғап жатыр.
"Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бүгін белгілі болғандай, 1 қазан күні қаулы шығып, негізгі қылмыстық істен бөлек дәрігерлердің іс әрекетіне қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталған. Ол іс бойынша да сараптама тағайындалған. Негізгі іс бойынша сараптама нәтижесін күтіп жүрміз. Тек қана сіздердің қолдауыңызбен әділеттілікті талап етуді жалғастырамыз", - деп жазды Инга Иманбай.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар қазір Түркияда ем алып жатыр. Бұған дейін белгілі болғандай, іске сот-медициналық сарапшы ретінде Тахир Халимназаров шақырылған.