Фото: pexels.com
ҚР Ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясы ұлттық ұланына қарасты Саратов әскери институтында оқыған курсанттың қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 19 ақпанда РФ Ұлттық ұланы Саратов әскери институтында ҚР Ұлттық ұланы әскери қызметшісі, 3 курс курсанты қаза тапқан.
"Ол 2020 жылы "Арыстан" мамандандырылған лицейін бітіргеннен кейін іріктеуден өтіп, "Ұлттық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету" мамандығы бойынша оқу үшін Ресей Федерациясы Ұлттық ұлан әскерлерінің Әскери институтына жіберілген болатын", - делінген ресми хабарламада.
Қазақстанның Ұлттық ұлан академиясының қолбасшылығы әскери қызметшінің қаза болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Айта кетейік, Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сәйкес, 19 жастағы курсант оқтан қаза тапқан. Кешкі сағат 18:00-де Калашников автоматын алып, кезекшілікке шыққан. Бірақ сап түзеуге келмеген. Бір сағаттан кейін жас жігіттің денесі киім кептіретін бөлмеден табылған. Қазіргі кезде тергеу шаралары басталды.