01 қыр, 2022 сағат 14:47

«Самұрық-Қазына» табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» аударады


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры кірісінің бір бөлігін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау барысында айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. Бұл  – Жаңа Қазақстанның сипатына сай келетін маңызды бастама. Сондай-ақ, табысы мол кәсіпкерлер мен азаматтар қорға демеушілік көрсете береді деп сенемін», - деді Президент.

Сондай-ақ Жолдауда «Самұрық-Қазына» қорының мажоритарлы инвесторға айналатыны айтылды.

«Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді.

«Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады. 

«Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды» - деді Мемлекет басшысы.