«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Қытайдың Sinopharm вакцинасын сатып алуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Вакцина таңдауға қатысты мәселені «Самұрық-Қазына» өзі айқындамайды. Бұл «СҚ-Фармация» мен Денсаулық сақтау министрлігінің құзіреті аясына кіреді. Яғни, олар мұндай шешімді қажетті көлемде вакцинаның болуына, логистика мен температура режиміне байланысты қабылдаған сияқты. «Самұрық-Қазына» қоры 1 млн доза сатып алуға төлем жасайды және қазірден-ақ жеткізу басталды», - деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаментінің директоры Марат Мұхамедсалимов.
Оның атап өтуінше, 1 млн доза вакцина сатып алуға 31,1 млн доллар қаржы жұмсалды.
«Бүгін ведомствоаралық комиссия отырысында 120 мың доза Қазақстан бойынша «Самұрық-қазына» компаниялар тобының жұмысшыларына егілетіндігі туралы шешім қабылданды. Яғни, өндірістік компаниялар мен филиалдарда еңбек ететін мұнайшылар, энергетиктер, пошта қызметкерлері, ұшқыштар, стюардессалар алады. Ал қалған 880 мың боза барлық қазақстандыққа, ниет білдірген адамдарға қолжетімді. Бастапқыда бұл вакцина «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жұмысшылары үшін сатып алынды деген ақпарат тараған болатын. Ол - дұрыс емес, қате ақпарат», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін «СҚ-Фармация» «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ ұжымын вакцинациялау үшін 1 000 000 доза мөлшерінде коронавирустық инфекцияға қарсы Hayat-Vax (SARS-CoV-2 (Vero Cell) вакцинасының партиясын сатып алғанын хабарлаған едік.
Қытайдың «Sinopharm» компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірген Hayat-Vax (SARS-CoV-2 (Vero Cell) COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинасы +2 - +8 градуста сақталады. 1 адамға вакцинаның 2 дозасын енгізу ұсынылады, екінші доза бірінші инъекциядан кейін 14 күннен соң жүргізіледі.