26 қаң, 2022 сағат 21:17

"Самұрық-Қазына" басшылығы депутаттың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді


"Самұрық-Қазына" басшылығы Мәжілісі депутаты Аманжан Жамаловтың "қордың ойланбай қабылдаған шешімдері" туралы мәлімдемесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында қор бірінші кезектегі реформаларды іске асыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Сатып алу саласы мен бизнеске кедергі келтіретін бірқатар мәселенің бір бөлігі тез арада шешілуін талап етеді. Қазір Үкіметпен бірлесе отырып, қор қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде жоспар әзірленіп жатыр. Ол мақұлданғаннан кейін ашық түрде жарияланады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қор өкілі реформалау бойынша бірінші кезектегі шаралардың бірі топ-менеджмент пен қызметкерлер санын ретке келтіру екенін мәлімдеді.

"Шешім қабылдар алдында бюрократиялық мәселелерді жою бойынша құрылым мен штатқа талдау жасалды. Оның негізінде жаңа ұйымдық құрылым жасақталды, бизнес-шаралардың қадамдарды жетілдірілді. Барлық қысқарту еңбек заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатыр.

Қабылданған шаралар қорды өзгермелі жағдайларға бейімдеуге, әкімшілік және басқару қызметтерінің ұтқырлығын және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - деп толықтырды "Самұрық-Қазына" өкілі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов "Самұрық-Қазына" басшылығы сасқалақтап, ойланбай әрі кенет шешім қабылдап жатқанын айтқан еді.

"Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" қорының жұмысын қайта қарауды тапсырды. Қоғамда қор тағдыры туралы қызу пікірталас басталды. Мамандардың құзыретті және кәсіби пікірлері хайпты жуып-шайып жатқаны алаңдатады. Қор басшылығы сасқалақтап, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін асығыс әрі күтпеген шешімдер қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Қорды жаңғыртуға қатысты жоспарлы жұмысқа қайта оралу қажет деп санаймыз", - деді Жамалов премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.