Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қабылдап, саланың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында министр 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің шамамен 19 пайызы сауда саласына тиесілі екенін баяндады. Бұл бағытқа 1,2 триллион теңге инвестиция тартылып, тауар айналымы 8,9 пайызға өсіп, 80,3 триллион теңгеге жеткен.
Сондай-ақ электронды сауданың дамуы туралы айтылып, оның көлемі 3,9 триллион теңгені құрағаны, бұл бөлшек сауданың 15 пайызына тең екені атап өтілді. Елде 10 логистика орталығы жұмыс істеп тұр, ал Астана мен Алматыда ірі фулфилмент-орталықтар салынып жатыр.
Министрдің айтуынша, экспортты дамыту бағытында да оң динамика бар. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 41 миллиард долларға жеткен. Экспорттаушыларды қолдау тетіктері кеңейтіліп, сақтандыру сомасының шекті көлемі 1,2 триллион теңгеге дейін ұлғайтылған.
Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ аясында 70 сауда кедергісінің 69-ы жойылғаны айтылды. Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық кәсіпорындарға қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент ведомствоға заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірісті қолдау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
