Салық төлеуден босатылған шағын бизнес үнемделген қаражатын кірістер мен шығыстарын есептеуді цифрландыруға жұмсауы қажет. Бұл туралы IV Бизнесті қорғау жөніндегі форумда «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығын төлеуден босату жөніндегі тапсырмасына қолдау білдіреді. Бұл ойластырылған әрі тексерілген шешім», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бұған қоса бизнес шамамен 244 млрд теңге салық түріндегі кіріс алады. Сондықтан олар өздеріне қарсы міндеттеме алып, жұмыстарын өркениетті форматқа көшірулері тиіс.
«Бизнес үнемделген ақшаларын онлайн бақылау-кассалық машинасын, Pos терминалдар орнатуға, кірістер мен шығыстарды есептеуді цифрландыруға жұмсауы тиіс. Нәтижесінде бизнес субъектілері 3 жылдың ішінде кірістер мен шығыстарды толыққанды есептеуге көшуі қажет», - деді Тимур Құлыбаев.