ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілер үшін Telegram чатты іске қосты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Салық салу және кедендік реттеу мәселелері бойынша комитеттің Telegram чатына жүгінуге болады. Жалпы, Мемлекеттік кірістер комитеті халықпен кері байланыс жолдарын кеңейтуді жалғастырып отыр. Жұмысын осы жылдың наурыз айында бастаған «Байланыс орталығы» қазіргі күнге дейін 190 773 өтінішті өңдеді.
Айта кетерлігі «Байланыс орталығы» кеңесшілері көрсететін қызметті осы уақытқа дейін 36 760 салық төлеуші бағалаған. Оның ішінде 32 680 салық төлеуші «5», ал 1 233 салық төлеуші «4» деген баға қойған.
Бұл ретте аталған орталыққа Нұр-Сұлтан қаласынан 34 538, Алматыдан 28 606, Шымкенттен 5 982, Алматы облысынан 5 086, Қарағанды облысынан 5 101 салық төлеуші өтінішпен жүгінген. Ал ең аз өтініш Қызылорда (1 810) мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан (1 337) түскен.