02 мам, 2017 сағат 12:05

Сағадиев мектеп тариxындағы ең үлкен ата-аналар жиналысы өтетін күнді мәлім етті

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев республикалық ата-аналар жиналысын осы айда өткізуге мүдделі, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Осы сәтті пайдалана отырып, министрліктің 12-ші мамырда ата-аналардың республикалық жиналысын өкізуді жоспарлап отырғанын айтқым келіп отыр. Бүгінде ата-аналар жиналыстарына адамдардың қатысу деңгейі өте төмен, адамдардың тек 10 пайызы ғана қатысады. Енді, мамырдың 12-сі күні, барлық мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларына ата-аналарды жиналысқа уақытында жіберуге Үкімет тарапынан тапсырма беруді сұраймыз. Осы жиналыста мектептердің қамқоршылық кеңесін сайлау мен білім саласының өзекті мәселелерін талқылау жоспарланып отыр", - дейді Сағадиев мырза.

Айта кетейік, министр Сағадиев бұған дейін мектеп тариxындағы ең үлкен ата-аналар жиналысын өткізуге мүдделі екенін жариялаған болатын. Алайда аталған шараның нақты уақытын айтпаған. Үкіметтің бүгінгі отырысында министр жаңа оқу жылынан бастап үш пәннің сабақтары музейлерде өткізілетінін де мәлімдеді. Оған барлық музейлер мен жоғары оқу орындары дайындалуы қажет.