Қазақстандық теннисші, Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакина Қазақстан теннис федерациясы ұсынған сыйақыдан неліктен бас тартқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маған бұған дейін де көмектесті, көмектесіп те жатыр. Енді менің кезегім келді деп ойлаймын, яғни алғысымды сөзбен ғана емес, іспен дәлелдейтін уақыт келді. Менің жеңісім баршаға ортақ. Жеңіс мұнымен бітпейді, алда тағы жеңісті сәттер күтіп тұр деп үміттенемін. Тиісінше қайырымдылық жасау да жалғасын табады. Сондықтан ақылдаса келе, сыйақыны қайырымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылдадық», - деді Елена Рыбакина елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Танымал теннисші бала күнінде кәсіби спортшы боламын деген мақсат қоймаған.
«Теннисті бала кезімде кәсіби спортшы боламын деп ойнаған жоқпын. Ол кезде мен үшін теннис ойнау мектептен кейін уақыт өткізудің құралы болды. Атам-анам кәсіби теннисші болуым үшін маған қаржы құйған емес. Бұл жағынан ерік өзімде болды. Тенниспен өзіме ұнағандықтан айналыстым», - дейді ол.
Еске салсақ, Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина турнирдегі жеңісі үшін берілетін Қазақстан теннис федерациясының сыйақысын алудан бас тартқан еді.