Рудный қаласының полицейлері карантин шараларын сақтамаған ойын клубын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспаөз қызметіне сілтеме жасап.
Рудный қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі мәлім еткендей, Иван Франко көшесінде орналасқан «LOTO клаб» ойын клубы карантин басталғалы үздіксіз жұмыс істеп тұрған.
Белгіленген қатаң карантин шараларын бұзған клуб жабылып қалуы да мүмкін.
Карантин кезінде компьютерлік және ойын клубтарының жұмысына тыйым салынғанына қарамастан, мекеме өз қызметін жүзеге асырды.
«Полиция кіріп келген кезде ойын залында 10-нан астам адам болған. Тәртіп сақшылары жинаған материалдар ары қарай шешім қабылдау үшін Рудный қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», делінген ведомство хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысында карантин кезінде қоғамдық тамақтану нысандарының, ойын және компьютер салондарының жұмысына сағат 20:00-ден кейін тыйым салынған.