Демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері 34 карантин режимін бұзу фактісін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Демалыс күндері полиция қызметкерлері үйлену тойын өткізген мейрамханаларды анықтады. Бұл тойларда мейман саны көп болған, олардың арасында қарттар мен балалар да бар. Мысалы, кеше «Гаухартас» мейрамханасының банкет залында 150 адамға арналған той анықталды. Залда мерекелік дастархан жайылып, қонақтар жайғасқан. Сондай-ақ полицейлер «Rixos President Astana» қонақүйіне келген кезде мұнда 100-ден астам адам жиналған үйлену тойы өтіп жатқан. «Алуа» мейрамханасында өткен қыз ұзатуға да карантин режимі кедергі болмаған. Полицейлер мейрамханада 100-ге жуық қонақ болғанын анықтаған.
Үйлену тойымен қатар, азаматтар қауіпсіздік шараларын елемей, көп адам шақырып ас береді. «Төлеп» мейрамханасында әлеуметтік қашықтықты сақтамаған 50-ден астам адам асқа жиналған. Барлық заң бұзу фактісіне қатысты материал ҚР ӘҚБК 425-бабы бойынша жауапкершілікке тарту үшін Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Жедел топ демалыс күндері 623 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 34 карантин режимін бұзу фактісін анықтады.