14 қыр, 2022 сағат 13:22

Рим Папасы: "Өтінемін, қару-жараққа емес, білімге ақша салайық"


Рим Папасы Франциск Нұр-Сұлтанда сөз сөйледі. Өз үндеуінде понтифик Абайдың сөзінен дәйексөз келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"Кеше қазақтың ұлттық аспабы домбыра туралы көп мәлімет алдым. Бүгін бұл музыкалық аспапты осы жердің ұлы ақыны, қазіргі әдебиетінің атасы һәм композиторы – Абайдың үнімен байланыстырғым келеді. Ол артында діншілдікпен сусындаған туындылар қалдырды, онда осы халықтың жан дүниесіндегі ең жақсы нәрсе көрсетілген - бейбітшілікті аңсайтын және соған ұмтылатын үйлесімді даналық", – деді Рим Папасы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде.

Понтифик бейбітшілік негізінде махаббат пен әділеттілік жатқанын атап өтті.

"Абай адамзаттың бастауы - махаббат пен әділдік екенін еске салады. Ешқандай жағдайда зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. (...) Адамға лайықты құралдар - балаларға, жас ұрпаққа ерекше қамқорлықпен өткізетін кездесулер, диалог, шыдамды келіссөздер... Абай осыған байланысты білімін кеңейтуге, өз мәдениетінен тыс шығуға, таным, тарих және басқалардың әдебиетін қабылдауға шақырды. Өтінемін, қару-жараққа емес, білімге ақша салайық", - деді Рим Папасы.

Рим Папасы Франциск бүгінде ең үлкен қауіп факторы әлі де кедейлік екенін атап өтті. Осы орайда понтифик Абайдың "Аштыққа ұшырағандар анық ойлап, оқуда құлшыныс таныта ала ма?" деген сөзін айтып өтті.

"Кейінгі онжылдықта бұл дін басшылары арасындағы диалогтың басты тақырыбы болды. Абай: "Зұлымдыққа кедергі келтірместен жол беретін адамды шынайы діншіл деп санауға болмайды", - дейді. Бауырлар мен әпкелер, әрқайсымыз зұлымдықтан арылуымыз керек. Қазақтың ұлы ақыны осыны талап етті", - деді Рим Папасы.