© Sputnik / Абзал Калиев
Елордаға Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне келген Рим папасы Франциск қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен үшін ұлан-байтақ, тарихы терең көне жерге келу үлкен құрмет. Мен бұл жерге диалог пен бірлік іздеп, бейбітшілік қажысы ретінде келдім. Қазір біздің әлем гармонияға аса мұқтаж. Ал Қазақстанға қатысты айтар болсам, жақында мен қазақтың музыкалық аспабы – домбыра жайлы білдім. Дәл осы домбыра Қазақстанның басты символдарының бірі", - деп бастады сөзін Рим папасы Франциск астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залында азаматтық қоғаммен кездесуінде.
Ол кезінде қазақ жерінде концлагерьлер болғанын, адамдар қуғын-сүргінге ұшырағанын еске салды. "Десе де қазақ халқы ешбір қиыншылыққа мойыған жоқ. Өз мәдениеті мен дәстүрін сақтап қалды", деп жалғастырды сөзін понтифик.
Рим папасы Қазақстан көпұлтты мемлекет, әркімнің өз тілі мен дәстүрі барын, бәрі бір шаңырақ астында бірлік пен ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Католик шіркеуінің басшысы Қазақстанға өлім жазасын алып тастағаны үшін алғыс айтты.
"Сізге өлім жазасын алып тастағаныңыз үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Осылайша сіздер көптеген адамға үміт бердіңіздер", - деді ол.
Бұған қоса понтифик соңғы айларда Қазақстанда демократияландыру процесі өте қарқынды жүріп жатқанына тоқталды.
"Парламент пен жергілікті билікке көбірек өкілеттік беру көзделіп отыр. Мен мұның ұзақ жол екенін түсінемін. Десе де бұл халықтың әл ауқатын жақсартып, елді гүлдендіруге апаратын жол. Бұл процестер сөз жүзінде ғана емес, шынымен іске асырылып жатыр", - деді Рим папасы Франциск.
Десе де, оның айтуынша, демократия мен бостандық декларациямен ғана шектелмеуге тиіс, халыққа қызмет етуге тиіс. Билік халық үніне құлақ асып, заңды талабына жауап беруге тырысуы қажет. Еске салсақ, бүгін Рим папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысу үшін елордаға келді. Әуежайда Католик шіркеуінің басшысын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
Айта кетері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі 14-15 қыркүйекте астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді.