03 қыр, 2021 сағат 12:11

Риддерде үш баланың анасын аяусыз өлтірді деген күдікті ұсталды


Риддерде үш баланың анасын аяусыз өлтірді деген күдікті ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

26 тамызда таңертең үйінен жұмысқа кеткен қалалық әкімдік қызметкері із-түссіз жоғалған. Ұялы телефоны сөндірулі тұрған әйелді үйінде 8-11 жас аралығындағы үш баласы тосып жатты.

"Кешке орман алқабынан әйелдің денесі табылды. Әйел жұмысқа баратын кезінде жолды қысқарту үшін осы орманның ішінен өткен. Оның мәйітінде тұншықтыру, пышақ жарақаттары мен зорлық-зомбылық белгілері бар екені анықталды. Оқиға орнына ШҚО орталығынан полиция департаменті, прокуратура басшылығы, сондай-ақ криминалдық полиция қызметкерлері дереу келді", - делінген хабарламада.

Бірнеше күннен кейін жедел уәкілдер қылмыс жасаған 34 жастағы ер адамды ұстады. Жауап алу кезінде ол қылмысқа марқұмның күміс бұйымдары мен сөмкесін тартып алу үшін барғанын айтты. Сондай-ақ, оның бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. 

"Осы 6 күн бойы тергеу шаралары жүргізілді. Қазір күдікті қамауға алынды, оның әрекеттері ҚР ҚК-ның 99 және 192-баптары бойынша қаралады. Күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Анасыз қалған 8 жастан 11 жасқа дейінгі үш бала жақын туыстарына берілген. Жергілікті атқарушы орган өкілдері оларға қажетті көмек көрсетуде.