28 қыр, 2021 сағат 16:54

Риддерде 8 млн теңге салынған сейфті ұрлап кеткен 2 адам ұсталды


Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 8 млн теңге салынған сейфті ұрлап кеткен 2 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына 35 жастағы жергілікті тұрғын хабарласқан. Өз сөзінде ол сағат 07.30-09.30 аралығында белгісіз біреулердің терезе арқылы үйіне кіріп, ішінде алтын сақина, құжаттар, 1843 жылы шығарылған мыс монетасы, «Еңбегі үшін» медалі және 8 000 000 теңге сақталған сейфті ұрлап кеткенін жеткізді. Осының салдарынан келтірілген материалдық шығынның жалпы мөлшері 10 млн теңгені құрады. 

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері бұрын бірнеше рет сотталған 30 жастағы екі жергілікті тұрғынды ұстады. Олар ұрланған мүлікті ішінара қайтарған. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 4-бөлігіне (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталды.