23 қыр, 2020 сағат 17:41

Респираторлық ауруларды жұқтырмауға тырысу қажет - Абай Байгенжин

Респираторлық ауруларды жұқтырмауға тырысу қажет. Бұл туралы «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Медицина жетістіктері арқасында, аурудың басым бөлігі бақылауда тұр. Адамзат вирус пен микробтарға қарсы тұру тәсілдерін үйренді, осы орайда вакциналар мен өзге де қорғаныс заттары дайындалды. Алайда биыл жаңадан келген індеттен ешкім сақтандырылмады. Коронавирус індетінің таралуы әлемде біраз уақыттан бері созылып келеді. Сонымен бірге, карантинді тоқтату - эпидемияның аяқталғанын білдірмейтінін түсіну керек. Әзірге, індетке қатысты жағдай бұдан кейін қалай болатынын анық емес», - деді ғалым. 

Сонымен қатар, ол әлемде тұмаумен жыл сайын ондаған миллион адам ауыратынын атап өтті. 

«Тиісті препараттарды алып, тұмауға ем-дом жасап келеміз. Қазіргі коронавирус баршамызды әбігерге салғаны белгілі, әлем елдері карантин шараларын енгізіп, оқшауланды. Адам ауру белгілерін сезінбейтін кезеңде басқаларына вирусты жұқтыра береді. Инкубациялық кезең мерзімі ұзақтау, яғни екі немесе үш аптаға жетуі мүмкін. Адамды қорғауда басты рөлді оның иммундық жүйесі атқарды. Оның негізгі қызметі – ағзаның генетикалық даралығын сақтау», - деді Ұлттық ғылыми медицина орталығы басшысы. 

Талдау көрсеткендей, короранвирустың ақуыздық сыртқы қабаты ұқсас вирустардың ақуызынан өзгешелеу. Көбеюіне қарай вирус копиясы бір жасушадан екіншісіне көшеді. Ауру симптомдары көмейдің сыртқы қабатында көрінеді. Осы орайда тамақ ауырып, құрғақ жөтел байқалады. Кейінен вирус біртіндеп төмен қарай бронхаға жылжиды. 

Ғалымның сөзіне қарағанда, өкпеге жеткен кезде атмосфералық ауа мен қан арасында газ алмасу болатын көпіршікті құрылымды зақымдайды. Осының салдарынан ісіну мен қабыну жүріп, альвеолдар сұйықтық пен өлі жасушаларға толады, вирусты-бактериалды пневмония үдей түседі. Вирусты түйіршектер бірнеше органның шырышты қабатын зақымдауы мүмкін. 

А. Байгенжиннің айтуынша, коронавирусқа шалдыққан адамның үйінде немесе ауруханада емделуін дәрігер шешуі керек. Осы орайда аурудың ушығуы мен адамның денсаулық жағдайы назарға алынады. 

«Емделгеннен кейін денсаулыққа ерекше қарау керек. Бұл ретте респираторлық ауруларды жұқтырмауға тырысу қажет. Иммундық жүйе назарда болған жөн. Жақын адамдар мен туыстардың өміріне алаңдау, экономикалық саладағы үрей, үйреншікті өмір сүру режимінің күрт өзгеруі - осының барлығы соңғы бірнеше айда адамдарды айтарлықтай өзгертті. Адамдар көңілсіз жүрсе, аталған вирусқа және басқа да кез келген ауруға шалдығу мүмкіндігі артады. Ал кез келген ауру ағзаны әлсірететінін ескерсек, оған коронавирус қосылса, науқас адамға қиын болады. Сондықтан да көтеріңкі көңіл күйде жүріп, қолды жиі жуып отыру тәртібін ұстанған жөн», - деді Абай Байгенжин.