29 қыр, 2022 сағат 12:39

Ресейліктер қандай жағдайда Қазақстаннан шығарылуы мүмкін - заңгер пікірі


Заңгер Ресей азаматтары қандай негізде Қазақстаннан шығарылуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры және заң ғылымдарының докторы Марат Бәшімов мобилизация салдарынан Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер қандай негізде Ресейге жер аударылуы мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, ҚР заңнамасында депортация ұғымы жоқ.

Негізгі термин - көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты әкімшілік істі қарау кезінде сот қабылдаған шешім, ол - елден шығарып жіберу. Оның орнына шығарып жіберу термині қолданылады.

Шетел азаматтарын көші-қон заңнамасын бұзғаны, көші-қон заңнамасына байланысты емес құқық бұзғаны үшін не жазасын өтегеннен кейін қылмыс жасағаны үшін қосымша жаза түрінде елден шығарып жібере алады. Елден шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.

Шетелдік азаматтар бірнеше жағдайда елден шығарылуы мүмкін:

  • Заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін 10 тәуліктен асатын кезең ішінде елден кетуден жалтарған жағдайда;
  • Еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыру;
  • Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекетке байланысты.

Сонымен қатар, шетелдіктер бір жыл ішінде екі немесе одан да көп, көші-қон заңнамасына байланысты емес құқықбұзушылық жасағаны үшін азаматтық-құқықтық тәртіппен шығарылуы мүмкін. Заңгер бұл кез келген құқықбұзушылық, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық болуы мүмкін екенін түсіндірді. Мысалы, егер шетелдік азамат дұрыс емес жерде жолды екі реттен артық кесіп өтсе, жол-көлік оқиғасына кінәлі болса немесе тіпті қоғамдық көлікте жол ақысын төлемесе (622-бап "Қоғамдық қалалық және қала маңындағы көлікті пайдалану ережелерін бұзу"), онда оны сот шешімі бойынша елден шығарып, одан әрі осында тұруға рұқсат бермеуі мүмкін.

"Азаматтар Ресей Федерациясына экстрадициялау тәртібімен де қайтарылуы мүмкін, бірақ қылмыс жасағаны үшін уәкілетті органдар іздеуінде жүргендер ғана. Қайтаруға басқа негіз жоқ", - деп толықтырды заңгер.

Аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелдіктер сот шешімі бойынша жазаны өтеуге түзеу мекемелеріне жіберілуі мүмкін.

Заңгер 2020 жылы ҚР Заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты шетелдіктерді көші-қон полициясында міндетті тіркеу жойылғанын, осыған байланысты Қазақстанда шетелдіктер үшін тіркеусіз бір айдан аса тұрғаны үшін жауапкершілік көзделмегенін атап өтті.

Заңгер Қазақстанда рұқсатсыз тұруын жалғастыратын Ресей азаматтарына 90 күн өткеннен кейін заңсыз тұру мерзіміне қарай түрлі жазалар қолданылатынын атап өтті.

  • үш тәулік ішінде - ескерту жасау;
  • үш тәуліктен жоғары, бес тәулік өткенге дейін - 10 АЕК (31 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салу;
  • 10 тәулік өтуіне бес күннен аса уақыт болғанда - 15 АЕК (47 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салу.

Заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін 10 тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарған жағдайда, 25 АЕК (шамамен 79 мың теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза не Қазақстан шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу қолданылуы мүмкін.

Еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін сот тәртіпбұзушыға 25 АЕК (шамамен 79 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға не 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға не Қазақстанның шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге үкім шығаруы мүмкін.

Бір жыл ішінде қайталап заң бұзған жағдайда 15 АЕК (47 мың теңге) көлемінде айыппұл тағайындауы немесе Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылуы мүмкін.