Қазақстанға сес көрсеткен ресейлік режиссер, тележүргізуші Тигран Кеосаян қандай да бір шектеулерге қарамастан, Қазақстанға келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кеосаянның мәлімдемесі Газетa.Ru ақпараттық сайтында жарияланды. Онда ресейлік режиссер Қазақстан билігінің шектеуіне бас қатырмайтынын, түбі ешқандай шектеуге қарамастан келетінін айтқан.
"Бұл күлкілі. Мен журналист ретінде олардың әлсіз тұсын тырнап өткен сияқтымын. Бірақ мен түбі өзімнің кеңестік Қазақстаныма келемін. Тағы да қайталаймын, туып-өскен Қазақстанға бәрібір келемін. Оған биліктен рұқсат та сұрамаймын", — дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ресейлік тележүргізуші Тигран Кеосаян Қазақстанға сес көрсете сөйлеген видеосы тараған еді. Ол "Украинаға қарап, жақсылап ойланыңдар, оң-солдарыңды дұрыстап таныңдар" деген мағынада үн қатқан болатын.
Сондай-ақ ол Қазақстанда 9 мамырда өтетін әскери шерудіңң тоқтатылуына көңілі толмайтынын айтып, Ресейдің "жауапты тұлғалары" "қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек" екендігін мәлімдеген еді.