13 мам, 2021 сағат 19:22

Ресейлік мамандар қазақстандық вакцинаға қызығушылық танытып отыр (Видео)


QazVac – қауіпсіз әрі тиімді вакцина. Бірқатар халықаралық беделді басылым қазақстандық вакцина туралы жарыса жазып жатыр. Еуропа елдерімен қатар, әлемге әйгілі бұқаралық ақпарат құралдарының Азиядағы бөлімшелері отандық ғалымдардың заманауи һәм жоғары деңгейдегі зерттеу ортасын айрықша атап көрсетті. 

«QazVac» туралы жиі жазып жүрген басылымдардың бірі – француздық «Le Ғigaro» журналы. Басылым «Қазақстан өзі шығарған препаратпен халқын жаппай вакциналауды бастады» деп жазды. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып мемлекетіміздің өз вакцинасын шығаруы – ғылымдағы теңдессіз жетістік» деген сөзін жариялады.

Ал «Reuters» агенттігінің тілшілері «Қазақстандық препаратты сынау кезінде жанама әсерлер мен қандай да бір шағымдар болған жоқ. Сынау кезінде 2 кезеңге қатысқан 222 адамда «COVID»-ке қарсы иммунитет қалыптасты» дейді.

Әлемдік басылымдар «QazVac» екпесін дайындау технологиясы күрделі емес және сақтау үшін аз ғана салқындатудың жеткілікті екендігін айтады. Мәселен, «Forbes» журналының Грузиядағы бөлімшесі «19 млн-ға жуық халқы бар Қазақстан Ресей және Қытай препараттарымен қатар, өздерінің вакциналарын сәтті пайдаланып жатыр» деп жазды.

Қазақстандық вакцина туралы мақала жазғандардың тағы бірі – Ұлыбританияның «The Guardian» басылымы. Онда жарияланған хабар «Орта Азиядағы Қазақстан өз вакцинасын шығарды. Екпе екі компоненттен тұрады. Сәуір айының соңында 50 мың доза вакцина елдің түкпір-түкпіріне таратылды» деп ұсынылған.

Шетелдік басылымдар отандық вакцина төңірегінде жарыса жазып жатқанда, ресейлік мамандар да «QazVac»-қа қызығушылық танытты. Олар біздің ел шығарған препарат қауіпсіздік талаптарына сай екенін айтады. Тіпті оны өздеріне салдыруға қарсы болмайтынын мәлімдеді.

"Өз вакцинасын шығару арқылы әр мемлекет жаппай вакцина өндіруге мүмкіндік алып, індетпен күреседі. Сондықтан бұл өте маңызды. «QazVac» инактивті вакциналар тобына жататынын білеміз. Тиімділігі 90 пайыздан асады. Бұл Қазақстанда ғылыми-әдістемелік қордың бар екенін көрсетеді", дейді Еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы Александр Арутюнов.


Өткен жылдың көктем мезгілінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты ковидке қарсы вакциналық үміткерлер тізіміне енгізген болатын. 

Бұған дейін хабарланғандай, былтыр жазда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, 2020 жылы желтоқсан айында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин, өткен жылдың соңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин отандық вакцинаны салдырған еді. 

Ал, ел азаматтары сынақтан сәтті өткен екпені 26-сәуірден ала бастады.

Сол күні Алексей Цой бастаған Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы отандық вакцинаны ектірген болатын. 

29 сәуірде елордадағы № 9 емханада ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова КВИ-ға қарсы қазақстандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасын салдырды. 

Аз ғана уақыт ішінде бұл вакцинаны елге белгілі лауазымды тұлғалар мен ел тұрғындары қабылдап үлгерді.

QazVac (QazCovid-in) – бұл инактивтендірілген, тазартылған және концентрацияланған вакцина. Оның құрамына алюминий гидрототығы – адъювант қосылған.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, отандық вакцинаны әзірлеу барысында жылдар бойы қолданылған технология пайдаланылды. Оның барлық компоненті сенімді, өйткені олар басқа вакциналарды әзірлеу кезінде апробациядан (сынақтан) өткен. 

Инактивтендірілген вакцинаны әзірлеу платформасы белгілі және қауіпсіз болып табылады. Оның құрамындағы компоненттер азаматтар бұрын алған вакциналардың құрамында болған. Вакцинаға қосылған бір ғана жаңа компонент – инактивтендірілген вирус. 

Инактивтендірілген вакцина дәстүрлі және тиімді болып саналады, оны дайындау технологиясы күрделі емес және вакциналардың басқа түрлеріне қарағанда қауіпсіз. Сондықтан қазақстандық ғалымдар инактивтендірілген вакцина жасау туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, 13 мамырдағы мәлімет бойынша Қазақстанда 1 757 407 адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін салдырды. Екінші компонентті салдырғандар саны – 698 248.