28 қыр, 2021 сағат 15:48

Ресейлік азамат өз елінде кісі өлтіргені үшін 30 жыл бойы Семейде жасырынған


74 жастағы Ресей Федерациясының азаматы 1992 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Ол осы уақыт аралығында Шығыс Қазақстан облысында жалған есіммен өмір сүрген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, "Іздеу" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында алынған ақпараттың арқасында қылмыскердің ізіне түсуге мүмкін болды.

"Семей қаласының криминалдық полиция қызметкерлері 30 жылдай құқық қорғау органдарынан жасырынған Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Бұл азамат 1992 жылдың ақпанынан бастап адам өліміне әкеп соққан аса ауыр қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған", - делінген департаментте.

Қашқынның күйеу баласын өлтіргені үшін іздеуде болғаны анықталды. 30 жыл бойы ол жалған есіммен әйелмен бірге өмір сүріп, өзі туралы нақты ақпаратты жасырған. Ер адам өз үйінде ұсталды.

"Қазіргі уақытта қылмыскерді Ресей Федерациясына экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр", - деді департамент басшысының орынбасары Талғат Шаяхметов.